Мазмұнға өту

Иман

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Иман (араб.: إيمان‎‎‎ ­– сенім:сену, илану, қабылдау) – Алла Тағаланың өсиетін және оның елшісі Мұхаммед пайғамбардың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтқандарының барлығын жүрегімен толық қабыл алу.

Иман сөзі - араб тіліндегі «ә-мә-нә (араб.: آمن‎)» етістігінен шығып, ифғал (араб.: إفعال‎) бабында қолданылған масдар (араб.: مصدر‎ — түбір сөз) болып саналады. Ал жалпы иман ұғымы — сену, нану, бір адамның сөйлеген сөзін қуаттау, айтқанын қабыл ету, шын көңілімен қабыл ету, күмәнға жол берместен нақты, жүрекпен, шын ықыласпен сену деген мағыналарды береді. Иман еткен кісі «мумин (араб.: مؤمن‎)», иман етілген нәрселерге де «муминун би… (араб.: مؤمن بـ‎)» дейді.

Алла Тағала айтады:

Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де барлығы: Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді. «Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бой ұсындық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де Сенің алдың» деді. (285)

әл-Бақара сүресі, 285-ші аят

Иман негіздері (араб.: أركان الإيمان‎)

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Толық мақаласы: Иман негіздері

Иманның отауы – Жүрек. Сонымен бірге, адам жүрегімен иман еткенін тілімен дауыстап айтуы (иқрар) керек. Адам иман етпей, мұсылман болмайды, яғни иман – мұсылмандардың бес парызының алғашқысы әрі негізгісі. Иманның алты шарты бар. Олар:

1) Алла Тағала хақтығына сену;
2) Періштелер мен шайтандардың барына сену;
3) Алла Тағала тарапынан түсірілген кітаптарға сену;
4) Пайғамбарларға сену;
5) Ақыретке, қиямет-қайым күніне, О дүниеге сену;
6) Осы өмірдегі жақсылықта, жамандықта Алланың ісі екеніне сену.

(Әр шартты ұғыну мақсатында зерттеуде Ілім парызы Иман парызынан бұрын тұрады) Иман келтіргеннен кейін кәлимаға тілін келтірген адам мұсылман болып саналады. Бұл алты шарттың біріне күмән келтіргеннің сенімі толық болмайды. Иман – тәсілім етуді қажет етеді. Ақылдың шектеулі өлшемімен шешілмейтін кейбір тылсым, әрі тұңғиық түйінді мәселелерді талқыға салмай, таразыламай тәсілім ету (қалтқысыз сену) керек. Иман – тақлиди иман және тахкики иман болып екіге бөлінеді. Тақлиди иман – қоршаған ортаның әсерімен немесе біреулерден естіп, соларға елітіп мақұлдау. Бұл иманның әлсіз түрі болып саналады. Абай мұндай иманды сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек деген. Тахкики иман – санамен саралап, сезіммен қуаттап, зерттеп іздену нәтижесінде толық көз жеткізу. Мызғымас бекем сенім болып табылатын мұндай иман “яқини иман” деп те аталады.[1][2]

Әнәстен (р.а.) жеткен хадисте:

«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Ешбірің өзіне қалағанын мұсылман бауырына да тілемейінше, толық иман еткен болып саналмайды – деп айтты» – деген. (Бухари, Муслим риуаят еткен)

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Иман - Алланың бірлігіне сену [3]

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том
  2. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1
  3. https://www.al-islam.org/articles/differences-between-islam-and-iman-ayatullah-al-uzma-al-hajj-ash-shaykh-yasub-ad-din