Антарктида
Антарктида | |
Территория | 14 107 000 км² |
Халық саны | 5000 (тұрақты емес) адам |
Тығыздығы | 0 адам/км² |
Енеді | 0 мемлекет |
Тәуелді аймақтар | 0 |
Тілдері | жоқ |
Уақыт белдеулері | барлығы |
Интернет үйшігі | .aq |
Ірі қалалары | Мак-Мердо станциясы бейресми астанасы болып саналады |
Антарктида Ортаққорда |
Антарктида (гр. ἀνταρκτικός — Арктикаға керісі) — Оңтүстік поляр аймағының орталығында орналасқан материк. Көлемі 14 млн шаршы км шамасындай. Антарктида Атлант, Үнді және Тынық мұхиттарымен қоршалган. Антарктиданы 1820 ж. орыстың саяхатшылары Беллинсгаузен мен Лазарев бірінші рет ашқан. Антарктиданы түгелдей қалың мұз басып жатады. Оның орташа қалыңдығы - 1500 м шамасындай, ал ең қалыңы - 4000 м. Өсімдіктер мен жануарлар дүниесі теңізге таяу жерде ұшырасады.Бұл - Жер шарымыздағы 6 материктың бірі.Ол Қиыр оңтүстікте түгелдей мұз құрсанып жатыр.
Антарктида географиясы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Антарктида — Жер шарының оңтүстік полюсі саналатын құрлық. Жерінің аумағы 12,3 млн. км², ал қайраңдық мұздықтар мен аралдарды қосқанда 14,0 млн. км²-ге жетеді. Жерінің 99%-ын қалың мұз басып жатыр. Оның жалпы көлемі 26 млн. кm³. Антарктида – дүние жүзіндегі ең биік құрлық. Оның мұз жамылғысымен қоса есептегендегі орташа биіктігі 2040 м, яғни барлық құрлықтардың орташа биіктігінен (870 м) 3 есе артық. Құрлықтың жағалық сызығы онша тілімденбеген, оның құрамына бір ғана үлкен түбек – Антарктида түбегі мен бірнеше іргелес аралдар – Александр І жері, Оңтүстік Шетланд, Георгия және Оркней, Беллени кіреді. Құрлықтың жағалауын Оңтүстік мұхит сулары мен Уэдделл, Беллинсгаузен, Амундсен, Росс, Ғарышкерлер, т.б. теңіздері шайып жатыр. Антарктида құрылығының негізін абсолюттік жасы 1,6 млрд. жыл болатын гондваналық платформа түзеді, басым бөлігі архей эрасындағы гнейс, кристалды жақпар тас, граниттерден құралған. Жыныстардың ірге тастарының қалыңдығы 20 км-ге жетеді. Антарктида платформасы өзінің геологиялық құрылымы мен жыныстарының құрамы жағынан Бразилия, Австралия, Экваторлық және Оңтүстік Африка, Үндістан платформаларына өте ұқсас. Ол төменгі және жоғарғы палеозойлық құрылымдары есебінен көлемі ұлғайып, батыстағы Антарктида түбегін алып жатқан мезо-кайнозойлық Анд қатпарлы жүйесінің жалғасы болып табылатын жас қатпарлы құрылымдарға ұласады. Олардың іргетасының өте күшті өзгеріске ұшыраған құрлықтық шөгінді жыныстардан құралғандығы осы аймақта жер қыртысының құрлықтық типінің дамығандығына дәлел болады. Ондағы жер қыртысының орташа қалыңдығы 40 км.
Антарктиданың қазіргі жер бедерінің қалыптасуы жаңа жанартаулық атқылаулар нәтижесінде жүруде. Жанартаулық тауларға Эребус (3794 м), Террор (3262 м) жатады.
Жер бедері ерекшелігіне байланысты Батыс Антарктида және Шығыс Антарктида болып екіге бөледі. Оларды жан-жағынан жағалаулық және ішкі құрлықтық белдеу қоршай орналасқан. Жағалаулық тау белдеуі бірнеше ірі тау жоталарынан тұрады. Оларға Голицин, Принц-Чарльз, Эндерби тау сілемдері, Королева Мод жері мен Трансантарктида таулары, Пенсакол, Шеклтон таулары жатады. Таулардың орташа биіктігі 1200 – 2500 м, абсолюттік биіктігі 3500 – 4000 м-ге жетеді. Ішкі құрлықтық тау белдеуіне Гамбурцев тауы (абсолюттік биіктігі 3550 м) жатады. Шығыс Антарктиданың теңіз деңгейінен жоғары орналасқан бөлігінің орташа биіктігі 690 м, ал оның теңіз деңгейінен төмен жатқан бөлігінің орташа ойыстығы 460 м. Батыс Антарктида жерінің 80%-дан астамы мұз айдынында өте қатты ойысқан ойпаңдар. Оның орташа тереңдігі – 700 м. Қалған 20%-ына дөңес таулы жер бедері тән. Яғни Батыс Антарктиданың жер бедері шығыспен салыстырғанда өте қатты тілімденген. Құрлықтың ең биік нүктесі Элсуорт тауындағы Винсон тау сілемі (5140 м), теңіз деңгейінен ең төмен жатқан жер – Бентли ойысы. Алқапты кең жазықтардағы құрлықтың қайраңдық мұздықтары Антарктида жерінің 12%-дай жерін алып жатыр.
Көршілес аралдардағы мұздықтармен қосып есептегендегі олардың жалпы ауданы 1,65 млн. км². Қайраңдық мұздықтардың 83%-ы Батыс Антарктидада, олардың ең ірілері – Росс және Ронне-Фильхнер мұздықтары. Мұздықтардың шеткі бөлігі көп жағдайда үзіліп түсіп, мұзтауларға айналып, мұхит суында оншақты жылдар бойы қалқып жүреді. Антарктида таулары мен жағалаулық бөліктерінде жылжымалы мұздық түрі кездеседі, оның ең ірісі – Ламберт мұздығы (ұзындығы 700 км, ені 30 – 40 км). Антарктида – жер шарындағы мұздық пішіндердің барлық түрінің шоғырланған аймағы, мұнда тек жер асты мұздануы мен мәңгі тоңның үлес салмағы аз. Жер шарының басқа құрлықтарындағы тұщы су қоры 2 млн. км3 болса, Антарктидадағы тұщы су қоры 26 млн. км3. Құрлықтың мұз баспаған жерлерінің, яғни шұраттың (оазис) жалпы ауданы 2500 км². Олар көбіне жағалаулық бөліктерде теңіз деңгейінен 100 м биіктікте орналасқан, ең ірілері – Бангер, Вестфолль, Грирсон, Ширмахер. Сонымен қатар Виктория жері (4000 км²) мен Александр І жері (400 км²) сияқты биік таулық шұраттар да кездеседі.
Климаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Антарктиданың климаты – полярлық континенттік. Климаттық ерекшелігіне байланысты Антарктида – суықтық полюсі. Ол сондай-ақ, жер шарының ең күшті желдер мен жазғы жиынтық радиацияның да полюсі болып табылады. Оңтүстік полюс аймағы Арктикамен салыстырғанда Антарктида Жердің Күнге ең жақын нүктесінде (перигелий) орналасқандықтан Күн жылуын 7%-дай артық алады. Ауаның мөлдір әрі құрғақ болуы, яғни антициклондық ауа райы күн радиациясының жерге кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді. Антарктида жазында, яғни желтоқсан мен қаңтар айларында, Орталық Антарктидада орташа айлық радиация жиынтығы Жер шарындағы ең жоғары көрсеткішке (30 ккал/см2) жетеді. Бірақ, келетін жылудың 90%-ға жуығы мұз жамылғысымен шағылысып, әлем кеңістігіне қайта кететіндіктен, құрлықтың жылыну мүмкіншілігі өте төмен. Континенттің орталығында қысқы орташа температура –60 – 72Ә С-қа дейін, жаз айларында –30Ә – 50Ә С-қа дейін, ал жағалауларда қыста –18Ә С, жазда –20ӘС-қа дейін өзгереді. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 30 – 50 мм, жағалауларда 700 мм-ге дейін жетеді, негізінен қар күйінде түседі. Суық ауа Антарктиданың ішкі аудандарынан шеткі бөліктеріне қарай қозғалып, ағынды желдерді туғызады (орташа жылдық жылдамдығы 12 м/с), ол циклондық ауа ағынымен қосылған кезде теңіз дауылына айналады (жылдамдығы 50 – 60 м/с., кейде 90 м/с-қа жетеді). Басым бөлігінде жылдың 340 күні қарлы борандар соғып тұрады.
Жануарлар мен өсімдіктер дүниесі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Антарктидадағы тіршілік дүниесі өте жұтаң. Онда теңіз құстарының 13 түрі, антарктикалық суларда итбалықтардың – теңіз пілі, теңіз мысығы, Уэдделл итбалығы, шаян жегіш итбалық және теңіз қабыланы деп аталатын 5 түрі мекендейді. Құрлықтың нағыз жағалаулық бөлігінде пингвиндердің император және Адели атты түрлері тіршілік етеді.
Өсімдіктері негізінен мүктер (75 түрі), қыналар (300-ге жуық түрі) және балдырлардан (қызыл, жасыл, көк-жасыл, сары балдырлар) құралған. Антарктида түбегінде аласа гүлді өсімдіктердің 10 шақты түрі кездеседі, олар шұраттарда шағын шалғынды алаңдар түзеді.
Антарктиданы зерттеу жұмыстары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Құрлықты және оның жағалау бөлігін ғылыми түрде зерттеуді Роберт Скотт экспедициясы бастаған. Жүйелі халықаралық геофизикалық зерттеу жұмыстары 1957 ж. басталды. 11 ел құрлық пен оның жағалауындағы аралдарда 57 база құрып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Әр ел ғалымдарының басшылығымен ұйымдастырылған экспедициялар құрлықты бірнеше рет кесіп өтіп, Оңтүстік полюс, геомагниттік және «жетуге қиын» полюстерге жорықтар жасалды, тұрақты зерттеулер мен байқаулар жүргізді. Соңғы жылдары Антарктидада жүзден астам ғылыми-зерттеу стансалары бүкіл жыл бойы және маусымдық жұмыс жүргізеді. Онда 16 мемлекеттің зерттеушілері өзара байланыста жұмыс жасайды. Антарктида қойнауында мол кен байлықтарының (тас көмір, темір, слюда, графит, алтын, уран, молибден, мыс, никель, қорғасын, мырыш, күміс, титан, т.б.) қоры бар екендігі анықталды және олардың кейбіреулері өндіріле бастады. Антарктида табиғатын зерттеп білу планетамыздағы тіршілік дамуының өткені мен болашағы арасындағы байланысты анықтауға мүмкіндік береді. Әсіресе ол құрлық – мұхит – атмосфера – мұздану процестері арасындағы байланысты анықтауда негізгі буын болып табылады.
Антарктика – Жер шарының оңтүстік поляр аймағы. Антарктиканың (грекше antі – қарсы, arktіos – солтүстік) табиғи шекарасы өте айқын байқалады. Ол дүниежүзілік мұхиттың беткі суларының біршама жылы және керісінше мейлінше салқын бөліктерінің араласатын аймағы – антарктикалық конвергендену белдемі арқылы өтеді. Бұл шекара негізінен 48 – 60Ә оңтүстік ендік аралығында орналасқан. Поляр аймағын алып жатқан Антарктиканың аумағы шамамен 52 млн. км². Оның құрамына бетін қалың мұз жамылғысы жауып жатқан Антарктида құрлығы мен оған жалғас жатқан Александр І жері, Оңтүстік Шетланд, Оңтүстік Оркней, Оңтүстік Сандвичевтер, Оңтүстік Георгия, Баллени аралдары мен арал топтары және құрлық жағалауын шайып жатқан, шартты түрде Оңтүстік мұхит деп аталатын – Тынық, Атлант, Үнді мұхиттарының антарктикалық бөлігі енеді. Құрлық жағалауындағы қайраңдарда Росс, Уэделл, Беллинсгаузен, Ынтымақ, Ғарышкерлер теңіздері бар. Уэделл және Росс теңіздерінің елеулі бөлігін қайраңды мұздықтар басқан. Қыс кезінде мұхиттағы қалқыма мұздықтар шекарасы солтүстікте ашық мұхит айдынында 50Ә оңтүстік ендіктерге дейін жетіп, аумағы 20 млн. км² болады. Бір жылдық мұздың қалыңдығы 1,5 – 2 м-ге жетеді, көп жылдық мұздар мұзтау түрінде кездеседі. Антарктика Арктикамен салыстырғанда табиғатының қаталдығымен ерекшеленеді. Онда жер шарының ең суық полюсі орналасқан (89,2ӘС).
2012 жылы қаңтар соңында Ресей ғалымдары Антарктида мұзын 30 жыл бұрғылап, 4000 метр тереңдіктен әлемдегі аса ірі тұщы көлді тапты. Ол көл жалғыз емес екен. Мәңгілік мұзды аймақта ірілі-уақты 80 көл бар болып шықты. Егер де ол суларға қолжетімді болса, жер бетіндегі халықты 150 жыл ауызсумен қамтамасыз етуге болады екен. Бірақ тұщы су мұз астында, тым тереңде жатыр
Көлік және қатынас
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Антарктидада құрғақ жерде саяхат жасау едәуір дамыған. Елдің көбі моторлы көлік түрлерін пайдаланады. Көліктердің дөңгелектері әдеттен тыс жалпақ, онымен мұзда жүру ыңғайлы. Терра Бас (адам таситын автобус) - Мак-Мёрдодан ұшу алаңына дейін адам тасуға арналған көлік. Көліктердің көпшілігі шынжыр табанды. Жалпаң дөңгелекті көлік түрлеріне қарағанда, шынжыр табанды көлік түрлері әлдеқайда жайлы. Ұшақ пен тікұшақ - әуе қатынасының бірден-бір түрі. Олар адамдарды Антарктидаға немесе зерттеу орталықтарына апарып, алып қайту кезінде қолданылады. Антарктидада тікұшақтың үш түрі пайдаланылады.
Мак-Мёрдо - Антарктидадағы жалғыз айлақ. Жағалауға жаңын орналасқан көптеген бекеттерде зәкір тастауға болатын тұрақтар бар. Жүкті кемеден жағаға қайық, баржа және тікұшақтың көмегімен түсіреді. Антарктидада қатынас құрудың ғарыштың жүйелері орнатылған. Соның арқасында ғалымдар сыртқы дүниемен байланысын үзбейді. Хабарлама түріндегі мәліметтер алумен қатар, телефонмен де хабарласып тұрады. Бекеттерге жедел пошта тек жаз мезгілдерінде ғана келіп-кетеді.
Қызықты деректер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Антарктида — жер бетіндегі ылғалдылығы барынша төмен, ең биікте орналаскан құрлық.
- 1978 жылы 7 қаңтарда Эмилио Маркос де Пальма деген сәби осы құрлықта туған тұңғыш сәби ретінде тіркелді.
- Ламберт мұздығы — Антарктидадағы және бүкіл әлемдегі ең ірі мұздық.
- Антарктидадағы мұз қабаты ери қалған жағдайда, әлемдегі барлық теңіз деңгейі 60- 65 метрге көтерілер еді.
- Антарктиданың қалың мұзы — осы құрлықтың ең биік жері саналады. Мұзының қалыңдығы орта есеппен 2300 метр шамасында.
- Мак-Мёрдо бекетіне 1000- нан аса ғалым, қонақ және турист бірден сыйып кетеді. Зерттеушілер қатарына биологтар, геологтар, мұхиттанушылар, физиктер, астрономдар, гляциологтар (мұз- дықтанушы) және метеорологтар кіреді.
- Хэллей бекетінде 1985 жылы жүргізілген өлшеу жұмыстарының нәтижесінде озон қабатында тесіктің бары мәлім болды.
- Моусон бекеті электр қуатының 70 пайыздан астамын жел генераторларының арқасында алады.
- Антарктиданың қуаң алқаптарында екі миллион жылдан бері жаңбыр жаумаған.
- Жер бетіндегі метеорит іздеуге ең қолайлы жер — Антарктида құрлығы.
- Антарктидада теледидар хабарын тарататын жалғыз бекет бар. Ол алты арналы кабельді жүйе арқылы жұмыс істейді.
- Құрбақа Антарктидадан басқа құрлықтың бәрінде тіршілік етеді.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Русско-казахский толковый географический словарь. Под общей редакцией академика АН КазССР, проф. С. К. Кенесбаева и кандидата филол. наук А. А. Абдрахманова. Алма-Ата, Изд-во «Наука», 1966, стр. 204. (Академия наук Казахской ССР. Институт языкознания. Сектор физической географии). Составители: Ж. Аубакиров, С. Абдрахманов, К. Базарбаев.
|