Мазмұнға өту

Геосфера

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Геосфералар (гео... және spїaіre — шар) — Жерді құрайтын, құрамы мен тығыздығы әр түрлі, концентрлік (шамамен сфералық) қабаттар.[1]

Олар сыртқы және ішкі геосфералар болып бөлінеді. Сыртқы Геосфераға атмосфера, гидросфера, биосфера жатады. Атмосфера — газ массасынан және ылғалдан тұратын жердің ауа қабаты. Атмосфера массасының 90%-і төм., 16 км дейінгі қабатта шоғырланған. Гидросфера — су қабаты, оның жоғ. шекарасы су алаптарының ашық беті арқылы өтеді. Төм. шекарасы тұрақсыз. Гидросфераға әлем мұхитының, құрлық пен мұздардың суы және жерасты сулары кіреді. Биосфера — жердің органик. өмір бар жоғарғы жағын құрайды. Ол гидросфераны, атмосфераның озон қабатынан төм. жағын және литосфераның жоғ. бөлігін қамтиды. Ішкі Геосфераға ядро, мантия және жер қыртысы жатады. Ядро — жердің орталық өзегін құрайтын өте тығыз қабат. Ол сыртқы сұйық және ішкі (орталық) субядродан тұрады. Жердің бетінен субядроға қарай қысым мен тығыздық өседі де, ауырлық күші кеми береді (субядро ішінде ауырлық күші 0-ге жуық). Мантия — жер қыртысы мен ядро аралығында орналасқан ең үлкен аралық қабат. Оның массасы жер массасының 2/3-ін құрайды. Мантияның жоғарғы бөлігінде (мұхиттар астында 50 км, ол құрлықтарда 80—120 км тереңдікте) сейсмикалық толқындардың күрт баяулайтын астеносфера қабаты басталады. Оның тереңд. 250—400 км. Жер қыртысы — жердің ең жоғ. қатты қабаты. Ол шөгінді, магмалық және метаморфтік тау жыныстарынан тұрады. Оның қалыңд. мұхиттар астында 5—10 км, құрлықтағы биік таулар астында 70—80 км, орташа қалыңд. 33 км. Жер қыртысы мен астеносфераға дейінгі қатты жоғ. мантия қабаты бірігіп, литосфера қабатын түзейді.[2]

Геосфералар - өзара химиялық құрамы, агрегаттық жай-күйі және физикалық қасиеттері бойынша ерекшеленетін Жердің концентрлік, тұтас немесе үзілмелі қабығы. Жерді бетінен орталығына қарай: магнитосфера, атмосфера, гидросфера, литосфера, мантия және орталық бөлігі - ядросы деп бөледі. Кейбір Геосфералар (мысалы, атмосфера) 2-қатардағы сфераларға бөлінеді.[3]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Геология — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2003.ӀSВN 5-7667-8188-1 ӀSВN 9965-16-512-2
  2. Қазақ энциклопедиясы
  3. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: География және геодезия. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. — 264 бет. ISBN 9965-36-367-6