Мазмұнға өту

Эритроциттер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Эритроциттер (грек. erythros – қызыл және kytos – ыдыс) – адам мен жануарлар қанындағы қызыл түйіршіктер. Эритроциттер омыртқасыз жануарлардың (тікентерілердің) қанында да болады. Адам Эритроцитінің пішіні екі жағынан ойыс диск тәрізді, диам. 7 – 8 мкм. Дені сау ер адамдардың 1 мм3 қанында 4 – 5 млн., әйелдерде – 3,9 – 4,7 млн. Эритроциттер болады. Сүтқоректі жануарларда (7 млн-дай не бұдан да көп), құстарда 3 млн-дай, ең аз мөлшерде балықтар мен құйрықты қосмекенділерде (150 мыңдай). Эритроциттердің тіршілік ету ұзақ. 125 тәуліктей (әрбір секундта 2,5 млн-дай Эритроциттер түзіліп, сондай мөлшерде Эритроциттер өз тіршілігін жойып отырады). Эритроциттер өкпеден тіндерге оттек (О2), ал тіндерден өкпеге көміртектің қос тотығын (СО2) тасымалдайды, бұдан басқа ағзадағы қышқылды-сілтілі тепе-теңдікті реттейді, қан плазмасынан аминқышқылдары мен липидтерді адсорбциялап, оларды тіндерге жеткізеді. Адам мен жануарлардың Эритроциттерның құрамында ядро болмайды. Құстар, бауырымен жорғалаушылар, қосмекенділер және балықтардың Эритроциттерінде ядро болады. Эритроциттердің құрамындағы қызыл түсті гемоглобин ағзада маңызды рөл атқарады. Ж. Ахметов[1]

Эритроцит (erythrocyti, грек, erythros — қызыл, kytos — жасуша) — сүтқоректі жануарлар филогенезінде газ алмасу процесіне байланысты мамандану нәтижесінде ядросы мен органеллаларынан айырылған ядросыз қанның кызыл жасушасы. Эритроцит пішіні дөңгелек, екі жағы ойыс келген жасуша. Тек түйе мен ламада оның пішіні сопақ болып келеді. Балықтарда, қосмекенділерде, бауырымен жорғалаушыларда, құстарда эритроциттің ядросы сақталған, пішіні сопақ болып келеді. Эритроцит құрамының 60% су, 40% құрғақ заттар. Құрғақ заттардың 95% ағзадағы газ алмасу процесін жүргізуге маманданған, қызыл түсті күрделі протеин — гемоглобин кұрайды. Гемоглобинді глобин протеині мен құрамында екі валентті темір болатын қызыл түске бояғыш зат — гем құрайды. Гемоглобин өкпеде оттегімен тотығып, оксигемоглобин түзеді. Организм ұлпаларында ол тотықсызданып (оттегті бөліп, көмірқышқыл газымен байланысады, карбоксигемоглобинге айналып, өкпеде көмірдің қостотығын ауаға шығарып, оттегімен тотығып, қайтадан оксигемоглобинге айналады да, жануарлар ағзасындағы газ алмасу процесін іс жүзіне асырады. Газ алмасу процесімен қатар, эритроцит плазмолеммасына амин қышқылдарын, қарсы денелерді, уларды, дәрі-дәрмектерді сорып алып, тасымалдау қызметін де атқарады. Эритроциттер ядросы жоқ қызыл түсті қан жасушалары. Олар ортасы қысыңқы тегершік пішінді болады. Бұл эритроциттің бетін 1,5 есе үлкейтеді және газдар қозғалысына неғұрлым бейімдірек келеді.[2]

Эритроциттердің қалыптасуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Эритропоэз жамбас сүйектерінің, бас сүйектерінің, қабырғаларының және омыртқаның қызыл сүйек миында, ал балаларда — қол мен аяқтың ұзын сүйектерінің соңында сүйек миында жүреді. Эритроциттің өмір сүру ұзақтығы — 3-4 ай, бұзылуы (гемолиз) бауырда және көкбауырда жүреді. Қанға шықпас бұрын, эритроциттер қан түзудің қызыл өскіні — эритрон құрамында пролиферация мен саралаудың бірнеше сатыларынан өтеді.

Донордан реципиентке қан құю кезінде эритроциттердің агглютинациясы (желімдеу), сондай-ақ гемолиз (олардың бұзылуы) болуы мүмкін. Мұны болдырмау үшін 1900 жылы Карл Ландштейнермен ашылған қан тобын ескеру қажет. Агглютинацияны эритроцит бетіндегі ақуыздар — антигендер (агглютиногендер) және плазмадағы антиденелер (агглютининдер) тудырады. 1907 жылы Янмен тұжырымдалған AB0 жүйесінде 4 қан тобы бөлінеді,олардың әрқайсысына әртүрлі антигендер мен антиденелер тән. Құю әдетте бір қан тобының иелері арасында ғана жүргізіледі.

I — 0 II — A III — B IV — AB
αβ β α -

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, X том
  2. Биоморфология терминдерінің түсіндірме сөздігі/ - Алматы: "Сөздік-Словарь", 2009. ISBN 9965-822-54-9