Магма
Магма
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Магма — жердің терең қойнауларында пайда болатын силикат құрамды балқыған масса. Оның басты құрамдас бөліктері: SіO2, AІ, Fe, Mg, Mn, Ca, Na, K, O, S, CІ, F, B, т.б. элементтер. Түрлі геология дәуірлерде қалыптасқан гранит және базальт құрамды Магмалық тау жыныстары негізді (базальттық) және қышқыл (граниттік) түрлерге бөлінеді. Базальттық Магма темір, магний, кальцийге бай келеді. Ондағы SіO2 мөлшері 40 — 55%. Граниттік Магмада SіO2 мөлшері 65 — 78%-ға дейін жетеді әрі мұнда сілтілік элементтер мол. Магма жер қабаттарындағы әр түрлі эндогендік процестерден, физика-химия тепе-теңдіктер бұзылғанда заттардың балқып, сұйыққа айналуынан пайда болады. Мұндай эндогендік процестерге тектоникалық қозғалыстар, радиоактивтік ыдырау, химия реакциялар, заттар арасындағы фазалық ауысу, жер қойнауындағы жылу, т.б. жатады. Магма пайда болған жерінен жоғары көтеріліп, суынып, қатайып, тау жыныстарына айналғанда күрделі эволюция өзгерістерге ұшырайды. Магма қата бастағанда кристалдану процесі жүреді. Минералдардың кристалдану реті олардың қатаю (балқу) температурасына байланысты. Кристалдану үш кезеңнен тұрады. Магмадан алдымен акцессор минералдар — магнетит, апатит, монцанит, ильменит, циркон, т.б. ал екінші — басты кезеңінде табиғатта ең көп кездесетін пироксен, амфибол, слюда, дала шпаты, т.б. минералдар бөлінеді. Басты тау жынысын құраушы минералдар кристалданғаннан кейінгі соңғы кезеңде қалдық Магма балқымасы кремний қышқылына, сілтіге және ұшпа құраушыларға қанығады. Қалдық балқымадан пегматит, грейзен денелері түзіледі, олардың құрамы әр түрлі пайдалы құраушыларға бай болады. Магма балқымасының жоғары бөлігінің құрамы гранитке, төмен бөлігі базальтқа жақындайды. Табиғи жағдайларда Магманың жаралуы мен жіктелуі әлі толық анықталмаған құбылыс. Ол өте ұзақ уақытқа созылады, басқа геолология процестермен тығыз байланысты және құрлықтар мен мұхиттарда өзгеше болып келеді. Мұхиттан құрлыққа ауысатын аралық алқаптарда (мыс., Тынық мұхиттың “отты сақинасы” алқабында) вулканизм алғашқы сатыда андезит-базальт, ал соңғы сатыларда қышқыл құрамды лавадан тұрады. Жалпы қышқыл құрамды тау жыныстар құрлықтарға және оларға жапсарлас аудандарға тән. Қышқыл тау жыныстардың қалыптасуы граниттену процестерімен де байланысты болуы мүмкін. Магмалық тау жыныстар кешендерінде әр түрлі кен байлықтары ұшырасады.
Магманың газдан айырылуы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Магманың газдан айырылуы -жанартау өңешіне лықсыған және жербетіне жетіп төгілген магма балқымаларының газ бөлшектерінен жаппай арылуы.
Магманың дифференциясы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Магманың дифференциясы — бір магмадан минералдық құрамы немесе минералдарының мөлшері ор түрлі таужыныстардың пайда болу процесі. Магманың дифференциясының екі түрі бар: 1) ликвациялық, онда магма сұйық күйінде бөлінеді; 2) кристалданулық, онда қатты фазалары кристалдану процесінде бөлінеді. Магманың дифференциясының негізгі себепкерлері: термодинамикалық жағдайдың өзгеруі, гравитация, ассимиляция, қозгалу және т.б.
Магматизм
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Магматизм — магманың тузілу, одан әрі даму, қозғалу, қатты таужыныстармен әрекеттесу жоне суып қату процестері. Магматизм — жердің терең қойнауындағы белсеңділіктің көрінісі, Жердің дамуымен, жылулық тарихымен және тектоникалық эволюциясымен тығыз байланысты.
Магмадан кейінгі процестер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Магманың кристалдануынан кейін ғана болатын, алайда осы процеспен тығыз байланыста өрбитін минералдар мен кендер қалыптасуының жалпылама атауы; интрузиядан кейінгі және жанартау әрекетінен кейінгі процестер болып екі түрге бөлінеді; пневматолита, пневматолитті-гидротермалық және гидротермалық сатыларға жіктеледі. [1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Қ 17 Геология/Жалпы редакциясын басқарған — түсіндірме сөздіктер топтамасын шығару жөніндегі ғылыми-баспа бағдарламасыныњ ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Қ.Құсайынов — Алматы: "Мектеп" баспасы" Ж А Қ , 2003. — 248 бет. ?SВN 5-7667-8188-1, ?SВN 9965-16-512-2
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — геология бойынша мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. |