Көзілдірік
Көзілдірік – көздің оптикалық кемістігін түзету, күн сәулесінен, шаң-тозаңнан, химиялық заттар әсерінен қорғау үшін қолданылатын құрал. Көзілдірік шынысының сәулені жинайтын (“+”) (алыстан көргіштікті түзету үшін) және сәулені шашырататын (“–”) (алыстан көрмеушілікті түзету үшін) түрлері болады. Көзілдірік екі жағы ойыс (“–”) не екі жағы дөңес (“+”) шыныдан жасалынады. Сонымен қатар, көзілдірік шынысы көздің қасаң қабығына жабыстырылып та киіледі (жапсарлы линза). Көздің көруі қатты нашарлағанда 2 – 3 қатар линзадан жасалған Көзілдірік қолданылады. Кейбір адамдардың алыстан көргіштігі мен жақыннан көру қабілеті нашарлайды. Мұндайда екі Көзілдірік кимеу үшін жоғары бөлігімен алыстағыны, төмен бөлігімен жақындағыны көруге болатын шыныдан жасалған құрама Көзілдірік беріледі. Жастың ұлғаюына байланысты (40-тан асқан адам газет, кітап, журнал оқу үшін) әр түрлі шынылы Көзілдірік киюге тура келеді. Көздің көру кемістігін қалыптастыру үшін киілетін Көзілдіріктің қай түрін болса да дәрігердің нұсқауымен кию керек. Көзді күн сәулесінен қорғайтын Көзілдіріктің шынысы қоңыр, қара, көк, күлгін, жасыл түсті болады. Мұндай Көзілдіріктер қолданылуына байланысты әр түрлі пішінде жасалады. Болат қорытушылар, химиялық өндіріс қызметкерлері үшін арнайы қалың шыныдан екі бүйірі жабық Көзілдірік шығарылады.
Көзілдіріктің пайда болуы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Көзілдіріктің қай уақытта пайда болғандығы жөнінде нақты дерек жоқ. Ол тарих беттерінде түрлі болып кездеседі. Мәселен, ежелгі Грекияда адамдар дөңес және ойыс айналардың ерекшеліктерін байқаған. Сондай-ақ көзілдіріктің күннен қорғауға, оқуға, ұсақ нәрсені ұлғайтып көруге айналған түрлерінің өзіне тән тарихы бар. Ең алғашқы көзді күннен қорғайтын көзілдірікті Қиыр Солтүстік пен Азияның, сонымен қатар Американың ежелгі тұрғындары ойлап тауыпты. Оларды жануарлардың сүйегінен жасаған екен. Ал, Қытай жерінде ежелде күңгірт көзілдірік (бүгінде күннен қорғайтын қара көзілдіріктердің арғы атасы) пайда болған. Мұндай көзілдірікті Қытайда сот үкімін оқитындар киіпті. Бұл жаза алушылар мен куәгерлер сот үкімін оқитындардың көзінен олардың ішкі жан-дүниесін танып қоймау үшін қажет болған екен.
Ұсақ әріптерді немесе таңбаларды жақындатып, ұлғайтып оқу үшін алғашында бір ғана көзге арналған оптикалық құралдар пайдаланылған. Ал оқуға арналған алғашқы көзілдіріктің пайда болған жері – Италия деп есептелінеді. Себебі, ХІІІ ғасырда венециялық шыны үрлеушілер алғаш рет көзілдірік жасауға арналған түссіз, жұқа және мөлдір шыныларды ойлап тапты. ХІҮ ғасырдың басында Еуропада көзілдірік туралы деректер кеңінен тарала бастады. Көзілдірік қымбат «ойыншық» болып саналды, ешнәрсеге қарамастан, көзілдірік жоғары сапалы шынылардан жасалды. Ол атадан балаға бағалы бұйым ретінде мұра болып қалып отырған. Сол заманда көзілдірікті қажеттілік үшін емес, өздерінің мәртебесін көтеру мақсатында қолданған. Жақыннан және алыстан көруге арналған көзілдіріктер ХҮІ ғасырда пайда болған. Осы уақытта көзілдіріктің сыртқы көрінісі мен пішініне де өзгерістер енгізілді. Күңгірт көзілдіріктерді ойлап тапқан Қытай еліне көз кемістігіне арналған көзілдіріктер араб және парсы саудагерлері арқылы жетіпті.
Көзілдірік түрлері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Әйнек линзалар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Әйнек ультракүлгін сәулелерінен қорғайтындығына кепілдік береді, пластикке қарағанда заттарды аздап қана бұрмалап, төменірек көрсетеді. Бірақ әйнекті линзалар қауіпсіз емес: кез келген жағдайда сынып қалып, көзіңізге зиянын тигізуі мүмкін. Пластикалық линзаларға қарағанда ауырлау болып келеді әрі терлетіп жібереді. Әйнекті линзалар балаларға арналмаған.
Пластикалық линзалар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Пластикалық линзалар әйнекке қарағанда жеңіл әрі қауіпсіз. Бірақ пластик ультракүлгін сәулелерін жіберіп қояды да, көзге зиянын тигізеді. Арнайы химиялық ингредиентке ие, зиянды сәулелерді ұстап қалатын линзалар да болады. Мұндай көзілдіріктерді көшедегі лашықтардан немесе базарлардан алмаған жөн. Сапалы пластикалық линзаларды жасауда алдыңғы орында тұрған елдер қатарында Канада, Германия және Франция бар. Заманауи пластикалық линзалардың құрамына арнайы химиялық қоспалар қосылады. Ол қоспалар көзге ешқандай зиянның тимеуін қамтамасыз етеді. Олардың екі түрі болады: А және В. Сапалы көзілдіріктердің этикеткаларында: "Blocks at least 90% UVB and 60% UVA" деген жазу болады. Әрине сандары өзгертіліп жазылуы мүмкін. Сәуледен толық қорғауды қамтамасыз ететін көзілдіріктердің өлшемі - 400 нанометр.
Жүзуге арналған көзілдіріктер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Жүзуге арналған көзілдіріктерді ХІҮ ғасырда парсы сүңгігіштері қолдана бастады. Ол тасбақаның қабыршағынан жасалынған еді. 1930 жылы жазушы Гай Гилпатрик жүзуге арналған көзілдірік пен ұшаққа арналған көзілдірік екеуіне тәжірибе жүргізеді. Жүзуге арналған көзілдіріктер 1950 жылда танымал болды. Алайда спортшылар үшін өте қауіпті болып қала берді. Олар әйнектер жасалатындықтан, кейде әйнектері сынып, спортшыларға қауіп төндіретін. 1972 жылы жүзуге арналған көзілдіріктерді Олимпиадалық ойындарда қолдануға тыйым салған еді.
Аудармашы көзілдіріктер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Жапониялық NEC корпорациясы шетел сөздерін аудара алатын көзілдіріктер ойлап тапты. Ғажайып оптикалық құрал TeleScouter деп аталады. Көзілдіріктің арнайы бейнекамерасы бар. Ол нысанаға алынған ақпаратты ғаламдық желіге қосылған портативті компьютерге бере алады. Арнайы аударма сөздікті ресурстың көмегімен көзілдірікке шағылысқан ұғымдар мен сөздер автоматты түрде жапон тіліне аударылады. Технологтардың айтуынша, оптикалық құрал адамның көру қабілетіне кедергі келтірмейді.
Сыртқы сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Алғашқы көзілдірік қашан пайда болған? Мұрағатталған 21 қыркүйектің 2013 жылы.
- Аудармашы көзілдіріктер пайда болды Мұрағатталған 21 қыркүйектің 2013 жылы.
- Көзілдірік түрлері
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазақ Энциклопедиясы, 11 - том