Мазмұнға өту

Жайнамаз

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Жайнамазнамаз оқуға арналған төсеніш. Мекке жаққа қаратып төсейтін бас жағы күмбезделе ойылады немесе сүйір ұшы сол бағытқа қаратылған күмбез бейнесі салынады. Әдетте жайнамаз адамның екі тізерлеп, мұрны мен маңдайын сәждеге тигізіп отыратын жерінің көлеміне қарай шақталады. Жайнамазды әркім өзімен бірге алып жүреді де, намаз оқып болған соң, оны бүктеп, алып кетеді. Намаз оқығанда тек жайнамазды ғана пайдалану міндетті емес. Жайнамаз болмағанда, оның орнына таза заттарды: мал терісін, жеке киімді, төсеніш, мата, т.б. пайдалануға да болады. Жайнамазды пайдалану тәжірибесі кейіннен қалыптасқан. Құранда, хадистің ережелік жинақтарында да жайнамаз атауы жоқ. Ерте мұсылмандық кезеңде де жайнамазды қолдану туралы тиянақты мағлұматтар кездеспейді. Жайнамаз мұсылмандар үшін іс жүзінде Аллаға құлшылық ететін жеке орын қызметін атқара алатындықтан, оған кейіннен діни маңыз бере бастаған. Кез келген таза, ласталмаған жерге жайнамаз төселгеннен кейін әрбір мұсылман өзін сыртқы әлемнен оңашалап алады деп есептеледі. Сопылық бауырластықта жайнамаз бауырластықтың негізін қалаушыдан оның басшыларына мұраға қалатын рухани тақ деп те саналған. Яғни бұл мағынасында жайнамаз сопылық бауырластық ішінде қолданылған қасиетті ұғымдардың бірі болып табылады. Жайнамаз атауының төңірегіндегі көптеген мистикалық түсініктер осы танымға байланысты туған. Жайнамаз тігу немесе тоқу ислам елдеріндегі дәстүрлі қолөнер саласында кең таралған.[1][2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. “Қазақстан”: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
  2. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1