Макакалар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Макактар
Macaca fascicularis
Macaca fascicularis
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Жануарлар
Жамағаты: Хордалылар
Табы: Сүтқоректілер
Сабы: Приматтар
Тұқымдасы: Мартышкалар тұқымдасы
Кіші тұқымдасы: Мартышкалар (тұқымдас тармағы)
Тегі: Macaca
Lacépède, 1799
Үлгілік түрі
Simia inuus
Linnaeus, 1758 = Simia sylvanus Linnaeus, 1758

Макактар, макакалар (лат. Macaca) — сүтқоректілер класы, мартышка тәрізділер тұқымдасына жататын тар танаулы маймылдар.

Макактардың 22 түрі бар. Оңтүстік және Шығыс Азияда, Малайя топаралындағы аралдарда, Филиппин аралдарында, Солтүстік Африкада (Тунис, Алжир, Марокко) және Еуропада (Гибралтар) кең тараған. Көбіне ылғалы мол тропиктер мен тау ормандарында, қоңыржай белдеудің ормандарында (Қытай, Жапония), бұталы жерлер мен тау шатқалдарында, приматтардың ішіндегі — жапон макагі қыста Симокита шығанағында да кездеседі. Дене тұрқы 40 — 75 см, құйрығының ұзындығы дене тұрқынан қысқа, кейде тең не ұзын болады, маготада құйрық болмайды. Салмағы 3,5 — 18 кг-дай. Аяқтары қысқа, күшті. Денесіндегі түгінің түсі сарғыштау, жирен түсті, кейбірінің жонында жолақтары, бетінде сақалға, мұртқа ұқсас ұзын түктері болады. Құлақтары жалаңаш, үшкір. Макак күндіз жерде жүреді, түнде ағаш бұтағы арасына жасаған ұяда түнейді. Макак 10 — 20-дан топтанып жүреді. Макак өсімдік жемістері, тамырлары, жапырақтары, күріш, жүгері, картоп, жәндіктер мен олардың дернәсілдерімен, моллюскі, шаянтәрізділермен қоректенеді. Макактар бір-бірімен ымдасу, дене қимылдары арқылы қарым-қатынас жасайды. 30-ға жуық дыбыс сигналдарын (дабылдарын) шығарады. Жыныстық жағынан 3 — 4 жылда жетіліп, 5 — 6 айда балалайды. Көпшілікке белгілі түрі — макак-резус (Macaca mulatta) — Оңтүстік Азияның Гималай өңірінде таралған. Олар топтанып тіршілік етеді, дүние жүзінің зообақтарында қолда ұсталады, медициналық эксперимент жасау үшін ауланады. Қан құю кезінде ескерілетін резус-фактор осы макак-резус маймылынан табылғандықтан солай аталған. Ал өте сирек кездесетін магот және лапундер түрлері Халықаралық табиғат қорғау одағының “Қызыл кітабына” енгізілген.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы